Панорама Ішінде

Әулие Қарахан өз заманында аса данышпан, құдіретті патша болған. Сол кездегі атақ-абыройы дүниені дүр сілкіндіріп тұрған дейді. Шексіз байлығына қарамастан, қарапайым өмірді місе тұтқан. Аң патшасы арыстанның өзін бағындырып, айтқанын орындатқан. Тіпті, арыстанды атша ерттеп, жол-жотада жорғалап жүрген деседі. 

Алайда, Қарахан баба өз әйеліне сөзін өткізе алмаған екен. Адуын мінезді бәйбішесі бабамыздың тілін еш алмайтын көрінеді. Бұған таң қалған уәзірлері: «Алдыңызда бүткіл әлем, тіпті арыстанның өзі иіліп тұрғанда, қалайша әйеліңіз сізге қарсылық көрсете алады?» – деп сұрайды. 

Сонда Қарахан баба: «Әйелімнің осындай болғанына Аллаға сан мың мәрте шүкіршілік етемін. Бүкіл әлем менің алдымда бас иіп тұрса, өзімді бәрінен биік көріп, ібілістің арбауына алданып, тәкаппарлықтың торына түсер ме едім? Әйелімнің арқасында өзімді Құдайдың көп бейшара құлының бірі екенімді түсініп, үнемі тәубеме келіп отырамын», – деген екен.