«Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі

«Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі – Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи Республикалық сәулет музей-кешені негізінде ашылып, 1989 жылы археологиялық және сәулет кешені ретінде құрылған.

Қорық-музейдің басты нысаны ХIV ғасырдың тарихи-сәулет ескерткіші, халық арасында әулие Әзірет (Хазірет) – Әулиелердің сұлтаны деген атпен мәлім, түрік тілдес халықтардың рухани ұстазы саналатын Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі болып табылады.

Қазіргі таңда қорық-музейдің құрамына 207 нысан, оның ішінде 1 – халықаралық, 23 – республикалық, және 14 – жергілікті санаттағы ескерткіш бар. Тарихи-мәдени нысандар кешені жалпы аумағы 2306,4 га. жерді қамтиды.

«Әзірет-Сұлтан» Түркістан өңірінің тарихи-мәдени мұра ескерткіштеріне байланысты ғылыми-зерттеу, ағарту, қорғау және  қалпына келтіру  жұмыстарымен айналысады.

Қорық-музейдің қарамағына Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Рабия Сұлтан Бегім кесенесі, Есім хан кесенесі, Гаухар ана кесенесі, қылует жерасты мешіті, Сауран, Күлтөбе қалалары және т.б. маңызды нысандар кіреді.