Қарахан Кесенесі

Кесене Қараханидтер әулетінің көрнекті тұлғасының бірі – Шах Махмуд Қараханның қабірінің үстіне тұрғызылған.Қарахан есімі (ХІІ ғ.) ел арасында беделді, әулие кісі ретінде танылған.

Содан оның мазары ел ішінде «Әулие ата күмбезі» аталып, шамамен XIX ғасырдың ортасынан XX ғасырдың басына дейін, яғни  1836–1936 жылдар аралығында Қараханның құрметіне жергілікті тұрғындар Тараз қаласын «Әулиеата» деп атаған. Сатұқ Боғра ханды (915–955) Қарахан әулетінің негізін салушы деп есептейді. Исламды қабылдап, Саманилердің қолдауын пайдалана отырып, Сатұқ Боғра хан Оғүлшаққа қарсы шығып, оны талқандады, сөйтіп Тараз бен Қашғарды бағындырды. 942 жылы ол Баласағұн билеушісін құлатып, өзін жоғарғы қаған деп жариялады. Қарахан мемлекетінің тарихы осы уақыттан басталды.

Көк түріктер құрған Қарахан қағанатының (840–1212) ұйысуына негіз болған ру-тайпалар қаңлы, қарлұқ, шикіл, яғма, түркеш делінеді.

Ертеде «Қарахан тауда бабамыз куә» деп сөйлеу мәтел болыпты. Бұл-дағы сол дәуірдің жұрнағы болар. Қарахандар әулеті қарлұқтардан шыққан. Қарлұқтарға қыпшақтан басқаның бәрі кірген. Қарлұқтар сахараға ислам дінін әкелді. Қарахан мемлекеті тұсында сопылық ілім қазақ сахарасында айрықша дами түсті, тақуалық жолға түсіп, жарық дүниеден баз кешкен сопы дәруіштер көбейген. Құлшылық етер жері тау болған. Қарахан көзі тірісінде әулие атанған сопылық ағымның өкілі.  Қарахан мемлекетінің астанасы Баласағұн шаһарында мешіттер саны өте көп болған. Сопылық әдебиет те молынан дами бастаған кезең осы. Қарахан мемлекетін қара-қытайлар (қидандар) құлатты.