Үлкен Қылует

Үлкен Қылует – 1996 жылы Қожа Ахмет Ясауи өмiрiмен байланысты тарихи орын, жерасты мекенi, сопылық орталық болып саналатын ХII–ХIХ ғғ. ескерткiш. Пайғамбар жасына жеткен (63 жас) Қожа Ахмет Ясауи жер астына түсіп, осы «Қылуетте» қалған өмірін өткізген.  Қылует – XII ғасырда салынып, XX ғасырдың бірінші жартысына дейін үздіксіз жұмыс істеп тұрған, жартылай жер астында орналасқан  ортағасырлық діни құрылыстардың бірі. 

Ғалымдардың айтуынша, «қылует» сөзі арабша «халуатун», яғни жекелену, оңашалану деген мағынадан шығып, Жаратушыға дүниеден бөлек, оңаша отырып құлшылық жасайтын орын деген мағына береді.   Қ.А. Ясауи осы Қылуетте көптеген шәкірттер тәрбиелеп, Диуани хикмет  сияқты еңбектерін жазып қалдырады. Жалпы саны 18 бөлмеден тұрады. Жер асты мешітінде  үш есік бар. Құрылысты салу барысында діни әдет-ғұрыптарды  орындауға қажетті және адам өмір сүруі  үшін барлық жағдай жасалған.

Қылуетте Аллаға құлшылық жолы жалғасқан. Ясауи кесенесінен 150 м қашықтықта орналасқан қылует құрылысы ауқымды, төбесі жайпақ етіп жабылған, екі есігі бар. Қылует діни рәсімдерге, шаруашылық жұмыстарға арналған бөлмелерден тұрады. Ғибадат орны бірнеше кезеңде салынған, ең көне бөлігі – Гар (12 ғ.) 4 м тереңдіктегі шағын бөлме. Қабырғасы мен күмбезі шаршы кірпіштен қаланған, көне «балқы» жүйесімен өрілген. Қабырғаларында шырағдан қойылатын шағын қуыстар бар. Гар баспалдақ арқылы намаз оқитын залмен жалғасады. Соңғы зал төрткүл көлемді үй, төбесінде желдеткіш шаңырағы бар. Археологиялық зерттеулер көрсеткендей, кіші және орта залдар қылует құрылысының екінші кезеңінде (XV–XVII  ғасырлар), ал басқа құрылыстар XVIII–XIX  ғасырларда салынған.