Есім хан кесенесі

Есім хан кесенесі — Түркістан қаласында  XVII ғасырдан сақталған архитектуралық ескерткіш. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің батыс мұнарасынан оңтүстікке қарай 12 м жерде орналасқан. Кесене Қазақ хандығының ханы Есім ханның қабірінің басына тұрғызылған. Кесене қирап, бұзылған қалпында ғана жеткен. Ол XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында қираса керек. Кесене күйдірілген кірпіштен төртбұрышты (9х9 м) етіліп өрілген. Негізгі қасбеті портал түрінде болып келеді. Қасбеттері жылтыр қалақтаспен геометриялық ою-өрнектер түрінде әшекейленген. Оңтүстік-шығыс жағында кесенеге кіретін есік бар. Сақталған қабырғасының енінің 1,2 м болуы да биік күмбезді көтеруге шыдайтындығын көрсетеді. Еденіне төртбұрышты күйдірілген кірпіш төселген. Кесененің сақталған бөлігі 2000 жылы қайта жөнделді.

Жоңғардың соғыс әлеуеті күшеюі олар да қазақ сияқты малмен күнелткен, бірақ жайылымы тар, ат құлағында ойнайтын тегеурінді ерлері мол көшпелі нәсіл болатын. «Ресей жоңғарлармен елшілік байланыс орнатып, торғауыт, дүрбіт, хошауыт сияқты іргелі тайпаларына Еділ бойынан қоныс беруі қазақ пен қалмақ арасындағы жүз жылдық соғыстың отын тұтатуға себепші болды. Екіге бөлінген жоңғар-қалмақтың арасында керіліп жатқан Қазақ даласы кешікпей-ақ қанды шайқастар алаңына айналды», – деп жазды Ақселеу Сейдімбек.

Дипломатияны шебер меңгерген Есім ханның тұсында қазақ хандығы күшейген, жоңғар-қалмақтан көп аймақты қайтарып алған. Өз дәуірінің аса үлкен мемлекет қайраткері, дарынды қолбасшы Есім хан туралы тарихшы ғалым Мұхамеджан Тынышбаев былай деп жазады: «Тәуекел мен Есім заманы қазақ тарихында қазақ халқының бір тудың астына жиналуымен еркешеленеді. Қазақтардың күш-қуатының артуы әрі мұның өзі Бұхардағы шейбанидтер хандығының әлсіреуімен тұспа-тұс келуі қазақтардың Шейбанид хандығын жаулап алмақ болған үкілі үмітін оятты. Бірақ Тәуекел мен Есім Бұхараны ала алмады. Есім хан Самарқан өңіріне 1605, 1611, 1612 жылдары үш рет шапқыншылық жасап жолындағының бәрін жайпап өтеді».

1598 жылы Түркістан біржолата қазақ хандығының қол астына өтіп, Есім ханнан бастап қазақ хандығының орталығы болды. «Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін хандыққа Есім жеткен», – деген арғын қаз дауысты Қазыбек биден артқыға сөз қалған. Халық ақыны Қазанғап Байболұлы «Еңсегей бойлы ер Есім» атты дастанында хан бейнесін терең суреттеуге ұмтылған.

Халық ауызында Еңсегей бойлы ер Есім  атанған ханның қасында, жорықтарда қатар жүрген қолбасшысы, әрі ақылшы ұстазы алшын Жиембет жыраудың толғауында бұл әміршінің портреті мен қайраткерлігі берілген. «Еңсегей бойлы ер Есім, / Есім, сені есірткен / Есіл де менің кеңесім. / Ес білгеннен, Есім хан, / Қолыңа болдым сүйесін, / Қолтығыңа болдым демесін». Марқасқа жырау қатағанның Тұрсын ханын сатқындығы үшін Есім хан қалай жазалағанын өшпес жырға таңбалап кетті. Тарих заңы қатігез, бір әміршінің сорақы кесірінен сол бұлғақта қатаған тайпасы қатты зардап шекті.

«Есім салған ескі жол» – далалық заңдар жиынтығы кейінірек әз-Тәуке хан бекіткен «Жеті жарғы» заңына арқау болып, қазақ халқының салт-дәстүр қалыбына, рухани үрдістеріне ақ жол ашты. Соның бірі жалпы әлем халықтарында теңдесі жоқ тыйым – «Жеті атаға дейін қыз алыспау» дәстүрі қазақ халқының генетикалық қан тазалығын сақтап, ұрпақ алмасуда тектік құнарды нығайта түсті.