Рабия Сұлтан бегім кесенесі

Рабия Сұлтан бегім кесенесі – ортағасырлық сәулет өнері ескерткіші (XV ғ.).  Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Оңтүстік-шығысында, 60 м жерде. Әмір Темірдің немересі, Ұлықбектің қызы, Әбілқайыр ханның әйелі, белгілі хандар Көкенші мен Сүйініштің анасы Рабия Сұлтан бегімге арнайы салдырылған. Кесененің Оңтүстік-шығыс бөлігінде жерасты қабірханаға кіретін есік бар. Қабірхана сыланып, боялған. Онда терімен қапталған ағаш табыттар қойылған. Рабия Сұлтан бегімнің табытында  «бұл құдыретті Әмір Темір Көрегеннің ұлы, азапты ажалдан қаза тапқан, құдыретті, ұлы сұлтан Ұлықбек Гураганның қызы, ақсүйек, (құдай) кешіріп, рақымшылық жасаған, ізгі жасанды Рабия  Сұлтан бегімнің тыныштық тауып жатқан жері» деген жолдар бар.

Рабия сұлтан бегім шамамен 1430–1495 жылдары өмір сүрген. Самарқан қаласында өсіп, жан-жақты білім алған. 1451 жылы Әмір Темірдің немересі Әбу Саид Самарқанды жаулап алғанда Әбілхайыр ханға көрсеткен әскери көмегі үшін Ұлықбектің қызы Рәбия сұлтан бегімді ұзатқан. Әбілқайырмен 16 жыл отасып, 1468 жылы қайтыс болғанда, Әбілқайырдан Сүйініш жане Кішкене деген 2 ұл табады. Рабия сұлтан бегім кезінде мемлекеттік істерді басқаруға қатысқан санаулы мұсылман әйелдерінің бірі болды. Тарихта белгілі Көшкінші және Сүйініш қожа хандардың анасы. 1495–1510 жылы баласы Көшкінші ханның пәрменімен оның басына кесене тұрғызылған.