Шілдехана

Шілдехана (XII–XIV ғғ.) республикалық санаттағы ескерткіш. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің солтүстік-батыс шетінен 22 м қашықтықта түркістандық мазар аумағында орналасқан. «Шілдехана» сөзінің түбірі парсының «чехел» қырық деген сөзінен, ал «хана» сөзі тұрақ, үй мағынасын беретін, қырық күн тұратын үй дегенді білдіреді. Бұл турасында хазіретті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар «кімде-кім қырық күн мен түнді шынайы ниетпен Алла разылығы үшін құлшылық жасап өткізсе, Алла тағала оның жүрегінен тіліне қарай даналықтың бұлағын ағызады» деген өсиет қалдырған. Пайғамбар өсиетін орындау үшін Қожа Ахмет Ясауидің мұрагерлері ертеде құдайға оңаша, жеке құлшылық жасайтын ғұрыптық құрылыстар салған. Толығымен бұзылып қалған діни-сәулеттік құрылыс 1980 жылдары қайта қалпына келтірілген. Құрылыс тіктөртбұрышты болып жартылай жер астына XII–XIV ғғ. діни әдет-ғұрыптарды орындау үшін арнайы салынған. 

Дерек көзі: Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерінің жинағы. Т. 1. Оңтүстік Қазақстан облысы. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1994. – 368 б.