Мәшһүр-жүсіп көпейұлы кесенесі

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы тіршілігінде қаймана қазағының қамын, дін жайын, елдің халін қағазға өлеңмен жазып мұра қалдырған адам. Қазақ халқы Мәшһүр-Жүсіптің аруағын пір тұтады. Бала кезінен мұсылманша хат таныған Жүсіп Көпейұлы шығыс жауһарларымен сусындап өскен. Орыс тiлiн жетік меңгеріп, батыс өркениетімен де танысқан ол тарих, этнология, фольклористика, əдебиет, тiл тарихы, этнография, философия, медицина, космология сияқты ғылым салаларына арналған көптеген еңбектерді жазып қалдырды. Мәшһүр-Жүсіп 1858 жылы Баянауылдағы Қызылтаудың Найзатас деген жерінде дүниеге келген. Сол жылы Шыңғыстауда Шәкәрім Құдайбердіұлы туған.

Мәшһүр-Жүсіптің азан шақырып қойған есімі – Адам. Жеті жасар кезінен-ақ халық әдебиеті үлгілерін жинаумен айналыса бастаған. Он бес жасынан бастап ақындық жолға бой ұра бастайды. Мұса Шорманұлы ауылына қонақ болып келгенде кішкене баланың өнеріне тәнті болыпты. Ақын баланың әкесіне: «Сопы, мына балаңа мұнан былай бас киіміне үкі тақтырып қойыңыз. Көз-тілге шет болмасын! Бұл өз заманында халыққа мәшһүр болатын бала екен!» деп айтқан екен. Содан кейін «Жүсіп» деген атына «Мәшһүр» аты қосақтала бастайды. Ғұламаның шыққан тегі ислам дінін уағыздаушы қожалардан емес, орта жүз арғын руынан.

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының ғұмырының соңғы кезеңі туралы ел аузында түрлі әңгімелер көп. Ақын 1931 жылы туған ауылында дүниеден қайтады. Көзі көрген адамдардың айтуынша, ақынның көріпкелдік, әулиелік қасиеті болған. Өлерінен бір жыл бұрын ол өзіне бейіт тұрғызып, көзі тірісінде жаназасын шығарып, ас бергізеді. «Жетпіс үшке шыққанша балталасаң да өлмеймін, жетпіс үшке шыққан соң сұрасаң да тұрмаймын, мен өлген соң ас бермек түгілі бақа-шаян теріп кетесіңдер» деген сөзі тура келеді. 1931 жылы қызыл қырғын ашаршылықтың басталғанын ескеретін болсақ, таңданбасқа шара жоқ. Осы әңгіме ел арасында аңыз боп тарап, ауыл адамдары өлгеннен кейін Мәшһүр-Жүсіпті әулие тұтып, басына келіп тәуап етіп, түнейтін болған. Оның әулиелігінің бір белгісі, қайтқан соң аруақтың денесі бұзылмай сақталған деседі.

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының шығармалары «Тәржіман» газетінде жарық көріп тұрды. Бұл басылымды мұсылман қауымды оқу-білімнің нұрына шақыру, пайдалы мағлұматтарды елге тарату, жаңашыл көзқарастарды уағыздау, сіңіру мақсатында жанданған жәдитшіл қозғалыстың бастаушы өкілі, Қырым татары Исмаил бек Гаспринский шығарды.