Қарасай және Ағынтай батырлар кесенелері

XVII ғасырда өмір сүрген, Қазақ хандығының тәуелсіздігі үшін күрескен қазақтың біртуар ұлы батырлары Қарасай мен Ағынтай Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданы Мәдениет ауылының жанындағы биік төбешікте жерленген.

Сүйінбай бабам деп жырға қосқан Қарасай батыр Ұлы жүздің шапырашты руынан, Ағынтай батыр Орта жүздің арғын руынан шыққан қазақтың қаһарман батырлары, әйгілі қолбасшылар, аса көрнекті тарихи тұлғалар. Өмір сүрген замандары қазақ-жоңғар арасында бір ғасырға созылған қанқасап соғыстың енді тұтанып, енді шиеленісіп, бірте-бірте екі көшпелі елдің тактикасы мен стратегиясының сынға түсе бастаған кезі еді. Бұл кезде қазақ халқының дербес ел болып, ірге бекітіп, біртұтас этникалық сана-сезімнің орныққанына екі ғасырдың жүзі болған. Қазақ-жоңғар арасындағы өрт тұтанған кезде елі мен жерін қорғау үшін алғаш рет атқа қонып, елдің шетіне, желдің өтіне, жаудың бетіне шығып, ерлік көрсеткен. Тегеуріні күшті қалмақ батырларымен әлденеше рет жекпе-жекке шығып, жеңіске жетіп отырған. Жауға қарсы шығудың жаңа тактикаларын, елді қорғаудың жаңа тәсілдерін көрсету арқылы мәртебелері өскен. Бұл кешен қазақ халқының ұлттық патриотизмін, ерлік дәстүрін алғаш рет қалыптастыру, орнықтыру миссиясының ұлттық-этникалық бір тұтастықты мемлекеттіктің әбден орныққандығының белгісі болып табылады.

1999 жылы осы жерде алып мемориалдық ескерткіш ашылды. Батырларға арналған кесене Қазақстандағы барлық бірлік, достастық және ынтымақ нышаны болды. Биік төбе үстінде екі әскери дулыға түріндегі құрылыстар орнатылған, олардың арасында мешіт орналасқан. Оның жанында көне заман жауынгерлерінің біріктірілген найзалары тұр. Күмбездер айналасында көне заман жауынгерлерінің бірнеше жерлену орындары орналасқан.

Қарасай мен Ағынтай батырлар тіріде тізе қосып дұшпанға қатар шайқасса, өліде «Ағынтай батырды да Қарасай жерленген бейітке қойған». Бұл дерек Қазыбек бек Тауасарұлының кітабында бар.