Баба түкті шашты әзіз кесенесі. Қабірхана.

Созақ ауданы Құмкент ауылының маңындағы Жылыбұлақ жерінде орналасқан құнды сана латын тарихи мұнаралардың бірі – Баба түкті Шашты Әзіз мазары. Баба түкті Шашты Әзіз исі қазақ жұрты қиын-қыстауда табынатын, жаны қиналса түсінде аян беретін, жауға шапқанда ұрандататын киелі әулие болған. Бабата күмбезі Қаратаудың солтүстік-шығысында, Қызылкөлдің жағасында тұр. Әулиенің жатқан жері үлкен қорымға айналған.

Баба түкті Шашты Әзіз – қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін, фольклорлық әрі мифологиялық бейне, әрі асқан батыр, әуелде сахарада Көк Тәңіріге сенген бақсылар аруақ ретінде әрі пір тұтып сиынған, кейіннен мұсылмандар арасында әулие саналған. Аңыздарда Баба түкті Шашты Әзіздің есімі Орта Азия, Қазақстан жеріне ислам дінін уағыздаушы болып саналатын Ысқақ бабтың замандасы, үзеңгілес серігі ретінде айтылады. Әулиенің зиратына салынған кесене күйдірілген кірпіштен қаланған. Қасбеттік композицияға құрылған бір үйлі мазар. Төртқырлық жұмыр мойындыққа орнатылған еңселі күмбезбен көмкерілген. Қасбеті тегіс, әшекейі жоқ, тайыз әрі сүйір қуыс жасалған, ортасында кіреберісі бар, қос босағасында шағын бедерлі мұнара орналасқан. Ішкі құрылымында шаршы үйдің өзегі бойынша сүйір аркалар салынған, күмбез осы доға түріндегі жабынға тіреледі. Үйдің ортасына кірпіштен қаланған құлпытас орнатылған.

Кейбір аңыздарда Едіге батыр Баба түкті Шашты Әзіздің ұлы деп айтылады. Яғни, ел арасында тарап кеткен аңызда Баба түкті Шашты Әзіз су жағасында намаз оқып жатып, пері қызды жолықтырады делінеді. Кейінірек сол қызға баба үйленеді. Пері қыз оған үш шарт қояды. Бірақ Баба түкті Шашты Әзіз оны бұзғандықтан, пері қыз: «Ішімде алты айлық балаң бар. Оны мен Құмкент деген жерге тастап кетемін, іздеп тауып ал!» деп аспанға ұшып кетеді. Баба түкті Шашты Әзіз пері айтқан жерге келіп, құндақтаулы сәбиді тауып алады да, «Едіге» есімін береді.

«Едіге батыр» жырында Баба түкті Шашты Әзіз батырдың әкесі ретінде бейнеленеді. Ал тарихи деректерде Баба түкті Шашты Әзіз ислам дінін уағыздаушы Ысқақ бабтың замандасы әрі досы делінген мәлімет бар. Тарихқа көз жүгіртсек, бұрындары бұл маңда поляктар көптеп қоныстанған. Сонда бақуатты бір поляк азаматы монша салмақ болып, қоластындағы кісіге кесене кірпіштерін пайдалануды бұйырады. Кесененің қасиеттілігі сонау заманнан елге белгілі болған. Жұмысшы бақуатты азаматтың тапсырмасына қарсы болғанымен, «Балаңды өлтіріп тастаймын» деген соң амалсыздан көніпті. Алайда кесененің бір бұрышын құлата бастаған оның екі қолы бірден қалтырап қалған. Ал оның кірпішінен соғылған моншада үш поляк азаматы өртеніп, о дүниелік болыпты деген де мәлімет келтірілген.

Жауырыны жер иіскеп көрмеген күш атасы Қажымұқан додаға түскенде: «Уа, аруақ, Баба түкті Шашты Әзіздің рухы қолдай гөр!» – деп сиынған. Ертеде қазақтың ерлері аруаққа сиынбай сайысқа түспеген. Баба түкті Шашты Әзіздің есімі «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Шора батыр» сияқты эпикалық жырларда жиі айтылады. Алтын Ордаға билік жүргізген Едіге би Шашты Әзіз әулиені өзінің түп атасы санаған.

Сондай-ақ тарихи деректерде Баба түкті Шашты Әзіздің есімі Орта Азия, Қазақстан жеріне Ислам дінін уағыздаушы болып саналатын Ысқақ бабтың замандасы, үзеңгілес серігі ретінде жиі айтылады.

«Баба түкті Шашты Әзиз, Содан бата алғанда, /Тілеуің қабыл болғанын, /Басыңа Қыдыр қонғанын, /Ұмыттың ба соны, Абылай!» – деп «Бөгенбай қазасын Абылай ханға естірту» атты толғауында Үмбетей жырау оның атадан балаға жалғасқан рух иесі екенін жырға қосты. Қазақтың сүйегінен ақындық қасиет үзілген емес.