Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени кешені

Сәулетті «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені Абайдың 150 жылдық мерейтойы құрметіне ашылған. Абай мен Шәкәрім кесенелері – 1996 жылы салынған сәулет өнері ескерткіші.

Абай ауданының Жидебай қонысында Абай хакімнің 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шешімімен әлемдік деңгейде атап өту шаралары қарсаңында орнатылған. Сәулетшілері – Б. Ибраев, С. Ағынтаев, А. Қарпықов, жобалаушы – Т. Ержігітов, суретші – Қ. Алтынбеков. Кесененің биіктігі 5 метр етіп жасалған дөңнің үстіне тұрғызылған. Ұзындығы – 200 метр, көлденеңі – 60 метр, биік екі мұнара ерекше көзге түседі. Біріншісі – Абай мұнарасы (биіктігі – 38,5 м), екіншісі – Шәкәрім мұнарасы (35 м). Бұларға қоса диаметрі 36 метр болатын «Орталық Азиядағы жазба мәдениет тарихы» мұражай орны, келіп-кетушілерге арналған қонақжай, амфитеатр, мешіт салынды. Бұрын осы орынға жерленген Абай, Оспан, Шәкәрім, Ахат бейіттерін қозғамай, солардың бәрін ішіне ала тұрғызылған кесене құрылысы көшпелілер мәдениетіне сай қазақ халқының космогониялық таным-зердесін бейнелейді.

Абайдың анасы Ұлжан мен әжесі Зеренің зираты да Жидебай қыстауында тұр. Сонымен бірге бұл кесенеден Самарқандағы Гүр-Әмір, Аградағы Тәж-Махал кесенелерінің үлгісі де байқалады. Кесене құрылымында ислам әлемі мен Қазақстандағы жерлеу дәстүрінің негіздері сақталған. Шағын мешіттің төрт күмбезді, орталық бағаналы пішіні де тек қазақ дәстүріне тән.

Мемориал композициясында бастан-аяқ тұтастық сақталған. Оның барлық ғимараты бірін-бірі толықтырып, даланың кеңдігімен үйлесім тапқан. Құрылыс жұмыстарына негізінен Маңғыстаудың ұлу тастары пайдаланылған.

Кешеннің құрылысы 1993 жылы басталған болатын. КСРО Сәулетшілер одағының мүшесі, Жапония мен Болгариядағы Халықаралық конкурстардың лауреаты Бек Ибраев басшылық еткен сәулетшілердің шығармашылық тобы жоба авторлары болып табылады.

Платформа екі бейітті – Абай мен Шәкәрім зираттарын қосып тұр, олардың арақашықтығы – 140 метр. Бұл платформа биіктігі бойымен қазақтардың мифологиясындағы Әлемнің үш деңгейіне сәйкес үш бөлікке бөлінген.

Кесенелердің келбеті мұнара тәрізді, бір-бірінен пластикалық қасбетімен және күмбездерінің қалай біткендігімен ерекшеленеді.

Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Абайдың ақындық әлемінің мағыналық ауқымы өте кең. Абай мұрасы өз заманындағы қоғамдық өмірдің ең көкейтесті, ең күрделі және маңызды мәселелерін қозғаған, толғаған поэзия. Оның өлеңдерінде, қара сөздерінде сол замандағы қазақ халқының өмірі көркем бейнеленген шындығы жатыр. Артына қалдырып кеткен аса құнды мұраларында Абай адам бойында кездесетін жаман мінез-құлықтарды сынады, адамдықты, ақыл мен білімді алға қойды; жастарға ақылға, еңбекке сүйеніп өмір сүруді, жамандық жасамауды, адамгершілікті сақтауды өсиет етті. Абай хакім ұлттың ұлы ұстазы, қазақ халқының жан дүниесін ашып, терең еніп, сол арқылы рухани тығырықтан шығудың жолын көрсеткен, қоғамын шетелдермен салыстырып сынай отырып, сананы жаңарту, заманға

бейімделу ұғымдарын алып келуші. Абай – жалпы адамзат ұстазы. Оның «Қара сөздері» әлемнің жүздеген тіліне аударылып, адамзат игілігіне жарап отыр. Ол композитор ретінде қазақ музыка мәдениетіне үлкен үлес қосып, өз әндерінде махаббат және табиғат суреттерін, жыл мезгілдерін жырлады. Абай шығармалары әлемде тоғыз тілге аударылып басылып шықты. Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) – ақын, жазушы, философ, шежіреші-тарихшы, композитор. Абаймен замандас әрі туған немере інісі, әрі ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы ізбасары. Өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық-саяси және әлеуметтік сыр-сипаттарын көре білуде, қоғам мен адам табиғатындағы кемшіліктерді зерделеуде, туған халқына түзу жол көрсетуде Шәкәрім Құдайбердіұлы Абай бағытын ұстанды. Өз заманында қазақ арасындағы аса білімдар адамдардың бірі болды. Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білді. Бойында табиғи таланты, ақындық дарыны бар Шәкәрімнің өмірдегі ұстазы, мектебі, университеті – Абай болды.

Шәкәрім – философ, дін ілімін терең білген. Ол тек қазақ халқының ғана емес, барлық туыстас түркі халықтарының, барлық Шығыс мәдениетінің, орыс халқымен барлық Еуропа елдерінің философиялық ой-танымдарын зерлеп, өз халқының ұлттық дәстүріне негіздей отырып, жетілдіріп, философиялық ойымызды, дүниетанымымызды әрі қарай дамыта түскен ойшыл. Шәкәрімнің көп өлеңдерінде адамның көңіл-күйі, ішкі сезім әсерлерін сипаттайтын философиялық тақырыптар елеулі орын алған. Әлемнің інжу-маржандары Аристотель, Ибн Сина, Ұлықбек, Кант, Платон, Сократ, Әбу Насыр сияқты философтардың еңбектерін оқып, зерттеген Қазақта «Атадан асып туған» деген сүйінішті сөз бар, бұл дана Абайға бек лайық сөз.

Алаш зиялыларының бірі Ш. Құдайбердіұлы XIX ғ. аяғы мен XX ғ. басындағы ұлт тағдыры қыл үстінде тұрған зұлмат заманда қоғамға ой салу, тығырықта тұрған қазақ санасына терең бойлап, шешімін табуға жол іздеген тұлға. Қазақ шежіресін, эпостық жырларды атадан балаға жалғастырушы. Қазақтың рухани санасын жаңғыртуда ерекше орны бар, бірегей ойшыл. Дінге терең бойлап, ұлт дүниетанымымен сабақтастық орнатқан.