Бекет ата (Оғыланды жеріндегі , ХV III ғ.) және Көне Бейне у жерасты мешіті

Қазіргі Атырау облысының Жылой ауданындағы Ақмешіт елді мекенінде туған Бекет Мырзағұлұлы (1750-1813) – Маңғыстау, Үстірт, Атырауды мекендеген Адай тегінен шыққан қазақ халқының данасы, тарихи тұлға. Атадан бала, ұрпақтан-ұрпаққа аңыз-әңгімелер бойынша Бекет – ел тәуелсіздігі үшін сыртқы жауларға қарсы қол бастап, ерлігін көрсете білген батыр; ғылым, білім жолын қуып, Маңғыстау, Атырау, Үстірт өңірлерінде ұстаз болған адам, медресе мен мешітке қолайлы болатын, бала оқытатын жерасты мешітін қашап жасаған сәулетші-шебер; бойына табиғаттың тылсым күшін игерген, ауруды жазған, жатқанды аяққа тұрғызған емші.

Жас кезінде қолына қару алып, көршілес қалмақ, түрікмен тайпаларымен шайқасып, халқының тәуелсіздігін қорғаған Бекет ел аузында Ер-Бекет атанды. Бекет ата Хиуадағы Шерғазы медресесін бітіріп, еліне келгенде халықты сауаттандыруды мұрат еткен, кішкентайынан дін жолын терең игергені оның нағашысы қожа тұқымынан екен. Елдің айтуына қарағанда, Бекет ата салғызған мешіт саны бесеу.

Бекет атаның өмірінің соңғы кезінде тұрғызған мешіті Маңғыстау облысының Қарақия ауданы, Жаңаөзен қаласынан оңтүстік-шығыс бағытта 180 км, Сенек ауылынан солтүстік-шығыс бағытта 95 км қашықтықта орналасқан. Мешіт табиғаты көркем Оғыланды жеріндегі ақ-бор тасты тау шатқалының терең орта қабатынан ойып жасалған. Мешіт төрт бөлмеден тұрады, төргі бөлмеде қасиетті сырық ағашы бар. Пайғамбар жасына келіп қайтыс болған Бекет атаның мүрдесі осы мешітте қабірленген.

Босқыншы, жер кезіп жүрген адамдарға пана болу үшін адам аяғы баспаған шөлді жер – Маңғышлақты жандандырған. Көзі тірісінде шөлді мекенде әр тұстан құдық қаздырған, сол құдықтардан алыстан қаталап жеткен көш керуендегі, жеке жорытқан жолаушы болсын, мал мен жан сусын қандырған. Халық Бекет ата рухына: «Әуелі бір Алла, сонан соң Пір Бекет», – деп сыйынған. Халық ең ізгі, шуақты қасиеттері үшін Бекет атаны қадірлеп, әулие тұтқан. Бүгінгі күні бұл жер адамдарды аурудан емдейтін, рухани азық беретін, үйсіз далада қалғандарға пана болатын, адамға рухани энергия беретін, адасқанға жол көрсететін киелі орын ретінде танымал.

Үстіртте таудан қашап жасалған мешіттер бар, оларда қашалған һаріптер – араб, парсы, татар жазулары. Бекет ата салдырған мешіттердің бірі Оғыландыда болса, бірі Бейнеуде, үшіншісі Ақмешітте, төртіншісі Баялыда, Арал теңізінің жағасында орналасқан. Олардың бәрі де жерасты мешіттері болып табылады. Маңғыстаудан қашық емес Көне Бейнеудегі Бекет ата жерасты мешіті (ХI-ХIХ ғғ.) тек қана Қазақстан үшін емес, барлық мұсылман әлемі үшін маңызы бар киелі орын. Бекет ата құдайдың құдіретіне бұқара халықты ұйыту үшін тіршілігінде адалдықты пір тұтқан ақ істерімен, қиянатсыз болмысымен, мейірбан жүрегімен әрқашан үлгі көрсеткен, ел-жұртын имандылыққа тәрбиелеген. Мешіт Бейнеу кентінен оңтүстік бағытта 20 км қашықтықтағы ақ-бор тасты тау мүйісінен ойып жасалған. Мешіт негізгі үлкен бір бөлмеден тұрады. Мешіт айналасында үлкен қорым бар. Көшпелі өмірге үйренген қазақ халқының тұрақтайтын қоныстарына ыңғайлы және Орта Азиядан келетін көне керуен жолының бойында орналасқан мешіттің бірі осы – Көне Бейнеудегі мешіт. Ескерткіш 1982 жылы республикалық дәрежеде мемлекеттік қорғауға алынған.