Жұма мешіті

Жұма мешіті (ХІХ ғ.). Республикалық мәртебеге ие ескерткіш. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 150 м жерде орналасқан. Қала құрылыстарының бірі болып табылады. Бір бөлмелі солтүстік және солтүстік-шығыс жақ қасбеттерімен іргелес жатқан бастырмасы бар құрылыс. Шикі кірпіштен қаланған. Төбесі тегіс етіп жабылған, оның үстіне қалың қамыс қабаты салынған және қалың етіліп балшық құйылған. Бөлме ішіне ойық тіреуіштің көмегімен қабырғаға және ортада тұрған сегіз қырлы діңгекке тіреліп сәндік, аркалық көрік береді. Ішкі жағынан биіктігі 4 метр, михрабтың биіктігі 2,3 м. Мешіттің қабырғаларының ені 6,2 м. Ғимарат ХІХ ғ. екінші жартысында салынып, жергілікті тұрғындар пайдаланып келген «Жұма мешітінің» орны. Мешіт бөлмесі құрылымында төрт бұрышты, қабырғаларының өлшемі 6х6 м болып келген еңселі құрылыс. Қабырғалары күрделі сылақпен сыланған. Бөлме және бастырма қабырғалары саз кесектен қаланған, бастырманың ұзындығы 30 м, ені 5 м. Көптеген ағаш бағаналары құрылыстың жалпы шатырын көтеріп тұр, биіктігі 4 м. Бастырманың қабырғасында 4 ойық бар, олар сыртқы «михраб» рөлін атқарады.

Дерек көзі: Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерінің жинағы. Т. 1. Оңтүстік Қазақстан облысы. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1994. – 368 б.