Арыстан баб кесенесі

Кесене Қожа Ахмет Ясауидің рухани ұстазы болған діни қайраткер, аты аңызға айналған ұлы тұлға Арыстан бабтың жерленген жеріне салынған. Арыстан баб – Отырар, Сайрам, Түркістан (Ясы) жеріндегі сопылардың рухани ұстазы. Аңыз бойынша, Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) аманатын, құрманы 400 жыл сақтап, Қожа Ахмет Ясауиге тапсырған адам. Ясауи ұстазынан діни ілім үйреніп, 16 жыл қасында мүрит болған, қызмет қылған деседі. «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген сөз Арыстан баб тұлғасының халық арасында үлкен орын алатындығын көрсетеді. Кесене – туристер үшін тарихи-мәдени архитектуралық ескерткіш, мұсылман қауымы үшін зиярат орыны, халық үшін рухани азық, еліміз үшін ұлттық мәдени қазына, рухани дәстүрдің негізі, ұлттық құндылығымыз. Арыстан баб кесенесі – ғасырлар бойы түрлі өңдеу-жөндеуді басынан кешірген құрылыс. Кейде Арыстанбабтың ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүргенін тілге тиек ете отырып, оның кесенесі Арыстан баб дүние салған соң іле-шала тұрғызылған деген жорамал айтылады. Алайда бізге жеткен қазіргі кесенеде ХІІ ғасырдың белгілері жоқ. Бұл арада біз ислам дінінің алғашқы кезде қабыр үстіне төбесі жабық құрылыс тұрғызуға тыйым салғанын есте ұстағанымыз жөн. Осы тұрғыдан қарағанда, ХІІ ғасырда Арыстан баб ғимаратының болмауы да мүмкін.

А. Черкасовтың жазбалары бойынша, Арыстан баб кесенесі әулие және шәкірттері жатқан екі бөлмеден, сондай-ақ алдындағы бастырмадан тұрған. Бұлардың жобасы ХІV ғасырдың құрылысына сай келеді. Қабырханалар, дәліз қышпен қаланып күмбезделсе, мешіт бөлігі негізінен қам кесектен тұрғызылып, төбесін жабуда ағаш кең пайдаланылған. Мешіттің ортасында В.В. Константинова жасаған жоба бойынша алты ағаш тіреу болған. Олардың үстіне ағаштан қырлы күмбез қиыстырылған. Мешіт қабырғасында Мекке бағытын көрсететін ойық – михраб бар.